Елордада жастарды әлеуметтендіруге арналған жоба жүзеге асып жатыр

Биыл 2021-2023 жылдарға арналған «Elorda Jastary» бағдарламасы әзірленіп, іске қосылды. Бұл бағдарлама Жастарды жан-жақты қолдауға бағытталған. Бағдарлама аясында Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен NEET санатындағы жастарды әлеуметтендіруге бағытталған «Transformation» жобасы жүзеге асып жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

NEET санатындағы жастар дегеніміз – жұмыс істемейтін (жұмыссыздар және жұмыс күшінен тыс адамдар), білім алумен немесе кәсіптік оқытумен айналыспайтындар, білім беру жүйесі мен жұмыспен қамту сферасынан тыс жастар санаты.

«Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен жастарды қолдау орталығы ашылды. Мұнда біз NEET санатындағы жастармен жұмыс істейміз. Олар 18-29 жас аралығында. Бұл санатқа оқу ақысын төлеуде қиындық туындаған жастар, фрилансер секілді жастар жатады. Орталықта семинар-тренингтер, қысқа мерзімді курстар мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Құқықтық және психологиялық кеңес беріліп, жастар жұмысқа орналастырылды», — дейді Жастарды қолдау орталығының әлеуметтік қызметкері Әсем Оралханова.

2021 жылдың бірінші тоқсанында NEET жастарының республикадағы үлесі 6,8%-ды құрады. Елордада 2021 жылдың бірінші тоқсанында NEET жастарының үлесі 7%-ды құрады, бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңінен жоғары (2020 жылдың бірінші тоқсаны – 6,9%).

«Орталығымызда қазақ, ағылшын, араб тілдерін, сол сияқты жол қозғалысы ережелерін, гитарада ойнауды үйрететін тегін үйірмелер бар», — дейді Жастарды қолдау орталығының заңгері Ерік Қожахметов.

Сол сияқты қылмыстық-атқару жүйесі департаменті орталыққа мамандандырылған көмекке мұқтаж жастар жіберілетінін хабарлады.

«Жастарды қолдау орталығымен бірлесіп, үлкен жұмыстар атқардық. Олардың көмегімен колледжге оқуға түстім, жұмысқа орналастым. Рухани тұрғыдан күш-жігер алдым. Қазір өзіме жаңа орта таптым», — дейді жоба қатысушысы Дарина Ескендірова.

Жыл басынан бері орталыққа NEET санатындағы және пробация қызметінің есебінде тұрған 18-29 жас аралығындағы 140-тан астам адам қабылданды.

Орталық Абай көшесі 92/3 мекенжайында орналасқан.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *